Павлодар облысындағы 747 ұйымда комплайн-қызмет енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысының 747 ұйымында кешенді комплайн-қызмет енгізілді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Ардақ Балғожин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізіліп отыр. Нәтижесінде 643 миллион теңге үнемделді. Сондай-ақ, кешенді комплайн-қызмет енгізіп жатырмыз. Квазимемлекеттік сектордың 747 субъектісі мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында біз осы қызметті енгіздік. Сондай-ақ, Protecting Business and Investments жобасы аясында бырқатар іс тындырылып, 52 келісімге қол қойылды. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық құны шамамен 500 миллиард теңгедей болады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен үнемі кездесіп, шағымдары мен ұсыныстарын қарастырамыз», - деді Ардақ Балғожин ANTIKOR ақпарат алаңында.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік орган өкілдерінің бизнеске орынсыз килігуіне шағымданышуылар көп екенін атады.

«Сәулет бөлімінің лауазымды тұлғалары бір кәсіпкердің өндірістік қызметіне орынсыз араласпақ болған. Біз шағымданушының құқығын қорғап қалдық. Ал соған жол берген лауазымды тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 154-бабы бойынша жазаға тартылды», - деді департамент өкілі.

Ардақ Балғожиннің айтуынша, департамент бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғалар бойынша мониторинг жүргізген.

«Облыстың қалалары мен аудан әкімдерін қоса алғанда, басшылық құрамы бойынша олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және өз қарамағындағы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік саясатын жүргізу мәніне кешенді мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы агенттік басшылығы мен облыс әкіміне жолданды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында алдын ала мониторинг жүргізілді», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі.


Соңғы жаңалықтар