Павлодар облысында жүк көлігінің мас жүргізушісі тұрғын үйге соғылды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жүк көлігін тізгіндеген мас жүргізуші тұрғын үйге соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«27 қыркүйек күні сағат 13:50 шамасында Shacman жүк көлігінің 45 жастағы жүргізушісі мас күйінде Павлодар облысы Шідерті кентінің Жастар көшесіндегі екіқабатты тұрғын үйге соғылған. Тексеру қорытындысы оның орташа дәрежеде алкогольдік мас күйде болғанын растады.

Үйге материалдық шығын келтірілген.

«Сол уақытта тұрғын үйде ешкім болмаған. Автокөлік жүргізушісі қажетті көмек алу үшін Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді. Себебі дене жарақатын алған.

Келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр.

Көлік Шідерті кентінде жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымға тиесілі. Ол арнайы айыптұраққа қойылды.

Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Екібастұз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Күркебаев.

Айта кетейік, биыл Павлодар облысының аумағында 318 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 50 адам көз жұмып, 501 адам жарақат алды. Мас жүргізушілердің кінәсінен 7 жол апаты болып, үш адам мерт болды, тағы 23-і түрлі жарақаттар алды.

Фото: polisia.kz


Соңғы жаңалықтар