Павлодар облысында жас жігіт өзін тастап кеткен қыздың ата-анасын пышақтап өлтірген

None
Фото: pavlodarnews.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысында жас жігіт бұрынғы қызының анасы мен өгей әкесін пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Қайғылы жағдай Павлодар облысы Тереңкөл ауданының Береговое ауылында болды. 22 жастағы жігіт өзін тастап кеткен қыздың анасы мен өгей әкесіне пышақпен шабуыл жасаған. Екеуі бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болды.
16 жасар Алина сол түні Павлодардағы туыстарының үйінде қонғандықтан аман қалған.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 шілде күні сағат 02:10-да Мир көшесіндегі жеке үйдің ауласынан 46 жастағы әйел мен 48 жастағы ер адамның пышақталған денесі табылды.

«Марқұмның кәмелетке толмаған баласы аман қалды, ол бөлмелердің біріне тығылып қалған. Аталған қылмыс бойынша күдікті ретінде 22 жастағы ауыл тұрғыны анықталып, ұсталды. Оқиға орнында тиісті тергеу амалдары жүргізілуде», - деді департаменттен.
«Шамамен бір ай бұрын мен оның есірткі қолданатынын білдім, сондықтан онымен қарым-қатынасты тоқтатуды шештім. Ол қарсы болды және менің әлі бұл шешімім үшін қатты өкінетінімді айтты, - деп еске алады Алина. - 2 шілдеде мен Павлодарда болдым, колледжге түсу үшін құжаттар тапсыруға дайындалдым. Түнде тәтем маған қоңырау шалып, шұғыл түрде оралуым керек екенін айтты. Үйде анам мен өгей әкемді өлтіріп кеткенін білдім».

Қыздың сөзінше, туыстары оған оқиғаның мән-жайын айтып берген.

«Сол түні анам, өгей әкем және менің 13 жасар бауырым үйде болды. Олар түнгі сағат бірге қарай отшашуды естіп, көшеге шыққан. Бауырым барғысы келмеді және үйде қалды. Біраз уақыттан кейін анам үйге жүгіріп келіп, оған жасырын деп айтқан. Бауырымды құтқаруға тырысып, көмек сұрап жүгірген. Ол аллеяға жеткен кезде бұрынғы жігітім оны қуып жеткен. Анам пышақ жарақатынан қайтыс болды. Бұған дейін ол анамды қорғауға тырысқан өгей әкемді де өлтірген», - деді Алина.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес (Екі және одан да көп адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстың мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Аталған қылмысты тергеумен Павлодар облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы айналысады. Іс бойынша процессуалды прокурор тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар