Павлодар облысында жабдықталған жағажайлар жетіспейді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жағажайда шомылу үшін жабдықталған орындар жетіспейді, бұл судағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға қиындық туғызады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қызметкерлеріміз жағажайды аралап, адамдарға нұсқаулық беріп, «бұл жерде шомылуға болмайтынын» түсіндіріп жатыр. Барлығы түсінгендерін айтқанымен, келесі күні тағы да сол жерде отырады», - дейді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары Серік Шериязданов.

Оның айтуынша, шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 12 адам, соның ішінде жеті бала суға ағып кеткен. Жақында ғана Ертіс ауданындағы өзеннен суға батып кеткен 55 жастағы ер адамның денесі шығарылды.

«Оның басты себебі (шомылуға тыйым салынған жерлерде шомылу - ҚазАқпарат) - жағажайлар аз. Облыс бойынша бізде - 192 көл, жеті шағын өзен мен бір ірі су артериясы - Ертіс өзені бар. Барлық елді мекендердің тұрғындары Ертіс жағалауында шомылады. Облыста 32 жағажай ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ресми түрде 26-сы ашылды», - деді Серік Шериязданов.

Павлодар облысында күн сайын 26 жағажайда 99 арнайы құтқарушылар кезекшілік етуде. Бұдан бөлек, шомылатын жерлерді облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері патрульдеп жатыр.  

Соңғы жаңалықтар