Павлодар облысында үш басқарма басшысы ауысты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте аймақ басшысы Болат Бақауов үш басқарманың жаңа басшысын таныстырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Өңірлік құрылыс басқармасына Аманолла Қозбаев келді. Ол бұған дейін ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарған. 1986 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 2008 жылы С. Торайғыров атындағы ПМУ-ды «инженер», 2017 жылы Инновациялық Еуразия университетін «экономика» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2008 жылы Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының бас маманы болып бастаған. Облыс әкімі жаңа басшыға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары бойынша конкурстық процедураларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

«Елбасының тарапынан қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін күш салып, бірінші кезекте жұмыстың сапасы мен орындалу кестесін назарға алу керек. «Сарыарқа» және «Достық» шағынаудандарының құрылысын жалғастырып, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қажет. Биыл 340 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының уақтылы тапсырылуына көңіл бөлген дұрыс»,- деді Болат Бақауов.

Бұдан басқа, жаңадан құрылған азаматтық қорғаныс және мобилизациялық дайындық басқармасының басшысы лауазымына Мұрат Хамитов тағайындалды.

Ол 1963 жылы дүниеге келген. 1989 жылы Свердлов заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. 1983-1990 жылдары Павлодар облысының ішкі істер органдарында еңбек еткен. Бұл қызметке дейін жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары болған.

Сондай-ақ, облыстық қызметтік-атқарушы жүйесі департаментін Талғат Молдажанов тізгіндеді.

Талғат Молдажанов 1971 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 1993 жылы В. Ленин атындағы политехникалық институтты «тау инженері», 2000 жылы Новосібір гуманитарлық институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Семей облысы ІІБ Шар ауданы ішкі істер бөлімінің жанындағы шартты-босатылғандарды қадағалау жөніндегі № 6 арнайы комендатура бөлімінің бастығы болып бастаған. Бұл қызметке дейін Шығыс Қазақстан облысында қызметтік-атқарушы жүйесі департаментінің басшысы қызметін атқарды.

Соңғы жаңалықтар