Павлодар облысында ҰБТ-ға ақша жинаған әкімдік шенеунігі қызметінен кетті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – ҰБТ езінде мектеп директорларынан ақша жинаған Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары алып отырған лауазымынан босатылып, академик Қ. И. Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайына директор болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Порталдың жазуынша, Бұған дейін Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Тоқжігітова ҰБТ-ға дұрыс жауаптарды алып өту мүмкіндігі және бақылауды азайту үшін ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының өкілдеріне ақша жинап беру туралы аудандық мектептердің 20 директорына тапсырма бергені үшін жазаланған. Тоқжігітова 3,4 млн теңге жинап беру жөнінде БҒМ өкілдерімен келісімге келе алмаған. Нәтижесінде мектеп директорларына ақшалары қайтарылған.

2018 жылғы 5 маусымда аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-ің 366-бабы 2-бөлігі (қомақты көлемде пара алу) бойынша тіркелді. Ал екі күн өткеннен кейін лауазымды тұлғалардың әрекеті ҚР ҚК-нің 361-бабы 2-бөлігіне (лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану) ауыстырылды.

Ағымдағы жылдың ақпан айында Тоқжігітованың іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылықтың бар екендігі дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұдан кейін бұл іспен Әдеп жөніндегі кеңес айналысып, қорытындысында аудан әкімінің орынбасарына «қызметіне толық сәйкес келмейтіні туралы» тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Бақыт Тоқжігітова аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылған. Бүгінде ол академик Қ. И. Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайының басшысы болып тағайындалды.

«Ол өз еркімен жұмыстан босатылды. 24 маусымнан бастап аудан әкімінің орынбасары болып Қанат Кәрімов тағайындалды. Оның соңғы жұмыс орны – «Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты» КММ басшысының орынбасары», - деп нақтылады аудан әкімдігінен.

Қанат Кәрімов 1964 жылы 26 тамызда Баянауыл ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1986 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих, қоғамтану және кеңес құқығы» мамандығы бойынша бітірген.


Соңғы жаңалықтар