Павлодар облысында су тасқыны қай ауылдарға қауіп төндіріп тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Павлодар облысында Ертіс өзенінің тасуынан қай ауылдарға қауіп төніп тұрғанын атады. Бірақ аталған елді мекендерде тек шеткі бірнеше үйді ғана су алып кетуі мүмкін, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитет басшысы Владимир Беккердің айтуынша, Ертіс өзенінің бойында мұз кептелісі әлі бар. Шүлбі қоймасынан жіберілетін судың көлемі секундына 1 500 текше метрден 1 200-ге дейін төмендесе де, Павлодар облысында мұз ақырындап жылжып жатыр.

«Біздің болжамымызға сәйкес, шамамен 10 күн ішінде ол мұз облыс аумағымен өтіп, ары қарай Ресей Федерациясына кетеді. Дегенмен, Павлодар облысы бойынша су тасқыны қатері 11 елді мекенге төніп тұр. Олардың ішінде Кенжекөл, Ленинский, Ақсу қаласы, Песчаное, Ақсу кенті, Қарасұқ, Тереңкөл, Аққұлы, Ақсарай, Жаңасарай, Госплеменстанция сияқты елді мекендер бар. Барлығы Ертістің бойын жағалай орналасқан. Бірақ бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, су аталған елді мекендердің бәрін алып кетеді деген сөз емес. Әрбір ауылда су бірнеше үйге ғана кіруі мүмкін. Мәселен, Песчаное ауылында үш үйге қауіп төніп тұрса, Қарасуда екі-ақ үй суға жақын тұр. Сол сияқты Ақсу қаласында бес үйге ғана су кіруі мүмкін», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, кешегі брифингте комитет басшысы үлкен судың Павлодар облысына қалай жиналатынын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Бесқарай ауданында Ертістің бойымен мұздың үлкен кептелісі пайда болды. Оның ұзындығы 8 шақырымнан асып отыр. Мұзға шығып, жарылғыш заттарды қою қауіпті. Сол себепті ондай жұмыстар атқарылған жоқ.

«Бүгін кешке қарай ол жерге су көп келеді деген болжам бар. Өйткені осыдан екі күн бұрын Шүлбі гидроэлектр стансасынан суды көптеп жібере бастады. Ол жерде секундына 1 500 текше метр су жіберіп жатыр. Осы судың арқасында мұз кептелісі ары қарай жылжиды деген болжам бар, я болмаса, мұзды жағаға итеріп шығарады», - деді В.Беккер.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, Шүлбі гидроэлектр стансасынан судың көптеп жіберілуіне байланысты Павлодар облысын су басу қаупі бар.

«Кривинка ауылы маңайында Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысы шектеседі. Ал Шүлбі қоймасынан суды көптеп жіберу шаралары жалғасады. Осыған байланысты Павлодар облысындағы жағдай да қиындай түседі. Ол жақта да елді мекендер бар», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Фото: cdn.photocentra.com

Соңғы жаңалықтар