Павлодар облысында шабындық алқаптарды өртеушілерге жаза күшейтілді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында шабындық алқаптарды өртейтіндер анықталып, қатаң жазаланатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Аймақта дала және орман алқаптарында өрттің жиілеуіне байланысты қатаң, тіпті жерді тартып алуға дейінгі шаралар қабылданатын болады.

«Үлкен өрт кеше Шарбақты ауданында тіркелді. Қосқұдық аулынан бір шақырым жерде 1 мың гектар аумақта құрғақ шөп өртене бастады. Ауылдық жерге өрт төну қаупі болғандықтан, 14 адамды эвакуациялауға тура келді. Өр сөндіру жұмысына 12 техника мен ТЖ департаментінің жеке құрамынан және өз еркімен өрт сөндіруге ниет білдірген 30 сарбаз қатысты», - деді әкімдіктен.

Соңғы екі аптаның ішінде Павлодар облысында барлығы 100-ге жуық қураған ағаштың өртенуі тіркелген. Сонын салдарынан ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 1,5 мың гектарға жуық жер жанып кетті.

Аймақ басшысы Әбылқайыр Сқақов мәселеге жіті назар аударып, өрт қойюшыларды қатаң жазалауды тапсырды.

«Осындай әдейі өрт қоюшылар тек елді мекендерге ғана емес, орман шаруашылығына зиян келтіріп, қазіргі ТЖ кезінде үлкен қиындықтар тудырады. Тек соңғы күндері ғана Павлодар ауданының Чернорецкий ауылы мен Аққулы ауданының Қызыләскер аулынан шыққан дала өрттері орманға көшіп, 30 гектар орман жанып кетті. Біз заң бұзған жер қолданушыларын қатаң жазалап, бұл туралы БАҚ арқылы көпшілікке жеткізе отырып, жерді тартып алу жөнінде бірқатар шешімдерді қарастыратын боламыз. Тек осылай ғана жағдайды бақылауда ұстай аламыз», - деп мәлімдеді облыс әкімі.

Көктем басталғалы Павлодар облысында 77 гектар аумақта 5 орман өрті тіркелді. Ауылдық жерден шыққан өрттің Мемлекеттік орман қорына таралуына жол бермеу үшін орман күзеті 38 рет шұғыл шақыртуларға шыққан.


Соңғы жаңалықтар