Павлодар облысында полицей көшедегі итке оқ атуға мәжбүр болды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында әйел балаларды өз денесімен жауып, иттен қорғамақ болған. Әйелге ұмтылған алабайға полиция инспекторы оқ атқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

17 қараша күні кешкісін полицияға Шарбақты ауданы Александровка ауылында көшеде алабай иті жүргені және адамдарға атылып жатқаны туралы хабар түскен. Итте тұмылдырығы мен қарғыбау болмағаны айтылған.

«Шақырылған мекенжайға осы ауылдың учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Оқиға орнына жеткен Талғат Смаков жағдайды бағамдаған. Ит адамдар мен балаларға ұмтылып жатқан. Балаларды денесімен жауып, қорғамақ болған ауыл тұрғынын құтқару үшін учаскелік қызметкер табельдік травматикалық қару қолданды», - деді Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полицияда атап өткендей, ит оқ атылғаннан кейін қашып кеткен. Әйелдің зардап шегуіне қатысты иттің иесіне ҚР Әкімшілік кодексінің 408-бабы 2-бөлігі бойынша (итті серуендету ережесін бұзу) әкімшілік өндіріс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар