Павлодар облысында өрттен кейін барлық мектептер тексеріледі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ертіс ауданының Ертіс ауылындағы № 3 орта мектепте болған өрттен кейін облыстағы барлық оқу орнында өртке қарсы қауіпсіздік тексеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Бұл туралы өңірлік білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Фейсбуктегі парақшасында жариялады.

«Оқыс жағдай орын алғаннан кейін барлық оқу орнын тексеру ұсынылды. Мұндай жайттың қайталануына жол бермеу қажет. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің басшыларына балалардың қауіпсіздігі үшін қызметкерлердің жауапты екенін еске салғым келеді. Қазіргі таңда электр желілері тексерілуде. Екінші ауысымдағы оқушылар үшін сабақ болмады. Дүйсенбі күні екі ауысымда да сабақ өткізіледі», - дейді Дінислам Болатханұлы.

Еске сала кетейік, өрт қосалқы ғимаратта электр сымдарының тұйықталуы салдарынан шыққан. Бұл шағын бөлмеде техникалық қызметкерлер киім ауыстырады. Мектеп әкімшілігі дереу әрекет етіп, өрт сөндірушілер келгенге дейін мектептегі барлық 219 адамды сыртқа шығарып үлгерген. Оның ішінде 187-сі бала, 23-і педагог және тоғызы - техникалық қызметкер. Абырой болғанда, барлығы дін аман.

Қызыл жалын 25 шаршы метр аумақты шарпыған. Сағат 11.30-да басталған тілсіз жау 15 минуттың ішінде толығымен сөндірілді.

Соңғы жаңалықтар