Павлодар облысында мүгедектігі бар 3,3 мыңнан астам сайлаушының дауыс беруіне жағдай жасалады

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында мүгедектігі бар 3,3 мыңнан астам сайлаушының дауыс беруіне жағдай жасалады. Бұл туралы өңірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың қатысуымен өткен көшпелі семинар-кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Д. Ибраев облыс бойынша барлығы 510 847 азамат сайлаушылар тізімдеріне енгізілгенін хабарлады. 30 қазанда сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне берілді, 4 қарашадан бастап тізімдер азаматтарға танысуға ұсынылды.

Облыста барлығы 528 сайлау учаскесі бар, оның 21-і қолжетімділігі шектеулі. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің деректері бойынша барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үй-жайлар Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сәйкес жарақтандырылған. Бұдан басқа, Төтенше жағдайлар органдары ғимараттардың техникалық жарақтандырылуына тексеру жүргізді.

Сайлау учаскесін нақтылауға ыңғайлы болу үшін @prezident_sailau_2022_pvl_bot телеграм-ботында ЖСН бойынша іздеу сервисі арқылы сайлау учаскесі туралы ақпаратты іздеу сервистері жұмыс істейді. Сервистер сайлау учаскесі, сайлау учаскесінің нөмірі, мекенжайы, байланыстары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Барлық 13 әкімдікте Call-орталықтар қарастырылған. Сонымен қатар, сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы базасында call-орталық жұмыс істейді.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А. Дисюпова облыс бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларға мұқтаж мүгедектігі бар 3,3 мыңнан астам сайлаушы бар екенін хабарлады. Осыған байланысты облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі үшін жағдай жасау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Барлық сайлау учаскелері ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Кресло-арбаларды пайдаланатын мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін сайлау жәшіктері мен кабиналарын қолжетімді деңгейде орналастыру көзделген. Мүгедектігі бар адамдар үшін 488 учаскеде бұрыштар ұйымдастырылды, 522 учаске кабиналармен жабдықталды, 5 сурдоаудармашыны тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, дауыс беру күні 18 «инватакси» қызметі ұсынылатын болады. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін сайлау учаскелеріне бара алмайтын мүгедектігі бар адамдарға дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшігі бар көшпелі комиссиялар ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар