Павлодар облысында мопед мінген жасөспірімдер жол апатына ұшырады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында орын алған жол-көлік апаты салдарынан екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жол апаты 4 тамыз күні сағат 17:35-те Павлодар ауданының Луганск ауылында орын алған.

«Советов» пен «50 лет Октября» көшелерінің реттелмелмейтін қиылысында нөмірі жоқ ALFA мопедін жүргізіп келе жатқан 13 жастағы бала жол ережесін бұзып, Nissan көлігіне соғылған. Жол апаты салдарынан кәмелет жасқа толмаған жүргізуші мен 15 жастағы жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Көлік арнайы тұраққа қойылды», - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Тексеру барысында кәмелетке толмағандар ата-анасының бақылауынсыз шығып кеткені, олардың көлік жүргізу құжаты жоқ екені, тіпті оны жүргізіп үйренбегені анықталды. Жасқайрат Қайыров жол-көлік оқиғасы фактісін тексеруден бөлек жасөспірімдердің ата-анасын жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылатынын айтты. Олардың тәртібін Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі комиссия қарастырады. Сондай-ақ ата-аналарына қатысты әкімшілік өндіріс қозғалады.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері Павлодар облысында кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 52 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 63 адам түрлі жарақат алған.


Соңғы жаңалықтар