Павлодар облысында мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау экожүйесі құрылды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиынға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Әзірленген Кешенді жоспар шеңберінде Павлодар облысында мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау экожүйесі құрылды. «Жаңа мамандықтар атласы» - мектеп түлектеріне еңбек нарығында заманға сәйкес қабілеттерді игеруге мүмкіндік береді. Аталған жоба білім алушыларға өмірде өз орнын табуға бағытталған. Осылайша, өткен оқу жылында жоғарғы сыныптың 20 мың оқушысы кәсіби диагностикадан өтті.

«Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде кәсіби-бағыттаушы педагог штаттық бірлігі енгізіледі, колледждер мен Өзекті мамандықтар орталығының, оның ішінде жас буынның жұмысы күшейтіледі. 15 колледжде 15 жаңа мамандық пен 25 жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту енгізіледі», — деді облыстық білім беру басқармасының басшысы С.Айтқазина.

Жалпы алғанда, білім берудің үздіксіз моделі болашақ мамандарға өз кәсібін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

Е. Тоғжанов «Жаңа мамандықтар атласы» түлектер мен жұмыс берушілер үшін басты бағдар болатынын атап өтті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба еліміздің басқа өңірлері үшін сәтті үлгі болуы керек.

Қазіргі кезде өңірде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және 5 мыңға жуық адамды, оның ішінде NEET жастарын қамтитын 14 Өзекті мамандықтар орталығы қызмет етеді. Осы санаттағы 2,5 мыңға жуық жастар өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді.

«Сонымен қатар өңірде Мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Шалғай ауылдарға 237 шығу сапары ұйымдастырылып, 9 мың адам кеңеспен қамтылды. Жыл басынан бері облыста 10 мың жұмыс орны құрылса, олардың жартысынан көбі – 54% тұрақты. Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы HR-агенттіктерге сәйкестендіріліп қайта құрылды», - деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары А. Құрманова.

Жалпы алғанда, 2022 жылы Қазақстанда 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ең басты өсім Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында болады деп күтілуде.

Жиналыс қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов бірқатар тапсырма берді. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп «Жаңа мамандықтар атласын» енгізуді жалғастыруы керек. Вице-премьер бағдарламаны жүзеге асыру тұрақты бақылауда екенін атап өтті.



Фото: primeminister.kz






Соңғы жаңалықтар