Павлодар облысында Маралды курортын әзірлеуге алғашқы қадам жасалды - өңір басшысы

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Маралды көлінде ұңғыма бұрғыланып, бұл жерге демалуға келушілер тұщы сумен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Павлодар облысы әкімінің айтуынша, бұл аймағымызда ресейлік Яровое сынды шипажайдың пайда болуы жолында жасалған алғашқы қадам.

Болат Бақауов үстіміздегі жылдың мамыр айында Шарбақты ауданы әкімінің ауылдық елді мекендерді дамыту болашағы және проблемалары жөнінде берген есебі кезінде Маралды өзенінің маңында демалыс аймағын құру мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Содан бері бюджеттен тыс қаражатқа тұзды көлге апаратын жол салынды, ал жағалауға жақын жерден ұңғыма бұрғыланды.

- Маралды өзеніне келіп демалушыларды тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған ұңғыманың тереңдігі 100 метрді құрайды, - дейді «Павлодаргидрогеология» ЖШС директоры Юрий Попов. - Бұл ұңғымадан тәулігіне 250 куб метр су алуға болады. Болашақта бұл жерге қазіргіден де көп адам келетін болса да, су қоры жеткілікті.

Жергілікті тұрғындар көл жағасында жасалған жайлылыққа дән риза. Ерболат Дәуеновтың айтуынша, енді тұзды көлге жету оңайырақ және өзіңмен тұщы су алып бару қажеттілігі жоқ. Шарбақты ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы демалыс аймағын құру жұмыстарының барысымен танысты. Болат Бақауов Маралды көлінде демалуға арналған қарапайым жағдай жасалғанын, ендігі кезекте инфрақұрылымды жолға қою қалғанына атап өтті.

- Демалыс аймағын дамытудың ендігі жылға арналған егжей-тегжейлі жоспары әзірленіп қойды, - деді облыс әкімі. - Биылғы жылы мамандар электр беру желілерінің құрылысы жобасымен айналысатын болады. Ал келесі жылы бұл жерге қажетті инфрақұрылым құрып, өз бизнесін дамытатын адамдарды таңдайтын боламыз. Жақын арада Павлодардың орталық көшелерінде Яровоеда емес, өзіміздің Маралдыда демалуға шақыратын жарнамалар ілулі тұрады және павлодарлықтар бұл жерге демалуға келеді деп ойлаймын.

Шарбақты ауданының әкімі берген ақпар бойынша, «Шарбақты ауданының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ «Innovation Centre Project» ЖШС-мен Маралды - Жылы Бұлақ автомобиль жолын 4,5 млн теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге келісімшарт жасасты. Сонымен қатар, Ұзындығы 3 километрді құрайтын 10 кВ жоғары вольттік желі салуға 8,4 млн- ге жуық қаражат қажет.

Соңғы жаңалықтар