Павлодар облысында мал ұрлайтын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Екібастұзда мал ұрлайтын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Оның құрамында барымташылар, мал сатушылар, мал дәрігерлері және қажетті құжат жинаумен айналысатындар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодар облысының аумағында құрамына 10 адам кірген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Топ мүшелерінің өз рөлдері болған: өз барымташылары, сатушылары, қажетті құжаттарды жинаумен айналысатындар, сондай-ақ мал дәрігерлер болған. Қылмыстық топ мал ұрлап, оны сойып сатумен айналысқан», - деді Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

«Күдіктілер Екібастұз қаласында ұрлық үстінде ұсталды. «ВАЗ 21099» автокөлігін тексеру кезінде бір сиыр еті, металл электрондық таразы тәркіленді, ал «Audi» көлігінен ветеринарлық анықтама табылды», - деді полиция департаментінен.

«Қаскүнем мынадай схемамен жұмыс істеген: аптасына бір рет демалысқа қарай Екібастұздағы ірі шаруа қожалығынан 2 бас ірі қара мал ұрлап, демалыс күндері қала базарларында және үйінде сойып сатып отырған. Күдіктілер бұған дейін ет өнімдерін сатумен айналысқан, тұрақты клиенттері бар. Сондықтан, қала тұрғындары одан күдіктенбеген», - деді Нұрлан Мәсімов.

Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Полицейлердің айтуынша, ұсталушылар Екібастұз қалалық уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің басқа да осы сынды қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар