Павлодар облысында көшіп кеткен жастарды қайтару көзделіп отыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Patriot.kz жобасы кезінде оқуға кетіп, еліміздің басқа өңірлері мен шетелде тұрақтап қалған жастарды қайтару көзделуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық жастар саясаты істері жөніндегі басқарма басшысы Руслан Тілеулесов облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың төрағалығымен өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік сараптау тобының отырысында Жастар жылы аясында атқарылатын жұмыстарды санамалап өтті. - Жастар жылына орай басқарма ұйымдастырылатын іс-шаралардың жол картасын әзірледі, - дейді Руслан Тілеулесов. - Жыл сайын өткізілетін шараларға биыл 10 ірі жобаны қостық. Олардың арасында «Еліме қызмет» волонтерлік қызмет бағыты туралы ерекше айтқым келеді. Оны біз Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр тәжірибесінен алдық. Жастардың мамандық таңдауына көмектесетін бұл жоба кезінде Англияда тиімділігін көрсеткен еді.

Өңірлік жастар саясаты істері жөніндегі басқармасы Жастар жылы аясында Patriot.kz атты тағы бір тың жобаны ұсынды. Руслан Тілеулесовтің айтуынша, жоба бойынша әр уақытта білім алу үшін еліміздің түрлі аймақтары мен шетелге көшіп, сол жақта қалып қойған жастарды облысқа қайтару бойынша жұмыс жүргізіледі. Жалпы, Жастар жылы аясындағы іс-шаралар өскелең ұрпақтың жұмыспен қамтылуына бағытталады.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өңір басшысы Болат Бақауовтың жастарға ағаш егу бойынша берген тапсырмасын орындау қажеттілігін ескертіп, бұл жұмысты тез арада қолға алуды тапсырды. - Жыл сайын жасыл желекті отырғызамыз, бастысы олардың сақталып, өсіп-өнуін қадағалауымыз керек, - деді Мейрам Бегентаев. - Қалалар мен аудандар бойынша қанша тал егуіміз керек, оларды қайда және қашан отырғызуымызды анықтау керек. Бұл жұмысты қазірден бастау маңызды.

Соңғы жаңалықтар