Павлодар облысында қос мереке қарсаңында 27 нысан іске қосылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында ҚР Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күні мерекелері қарсаңында 27 нысан пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында өңірлік Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Облыстың қалалары мен аудандарында ауылшаруашылық жәрмеңкелері, мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіледі. 1 желтоқсан күні Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында қоғамдық көліктерде жүру тегін болмақ. Сонымен қатар мереке күндері облыс тұрғындары үшін түрлі тауарлар мен қызметтерге кинотеатрларда және сауда орталықтарында жеңілдіктер қарастырылады», - деді Ернұр Дәуенов.

Мереке қарсаңында ашылатын нысандардың қатарында облыс орталығындағы олимпиадалық резервтің 50 метрлік жүзу бассейні, Ақтоғай ауданының Қараоба ауылындағы екі пәтерлі жаңа үй, Железин ауданының Ақтау ауылындағы Мәдениет үйі, «Азаматтар альянсы» үкіметтік емес ұйымының ғимараты, Тереңкөл ауданында «Кузнецов» жеке кәсіпкерлігінің сауда үйі, Май ауданындағы Абылайтас ескерткіші бар.

Бұдан бөлек, Ақтоғай ауылы Абай атындағы мектепте және Қожамжар ауылдық округінің Тіленшин орта мектебінде, Қоңырөзек ауылдық округінің Павловск орта мектебінде, Успен ауданының Равнополь ауылдық округінің Константиновский орта мектебінде «Рухани жаңғыру» кабинеттері мен Успен ауданының № 3 орта мектебінде «Мұғалімдер кеңсесінің» тұсауы кесіледі.

Екібастұз қаласы Солнечный кентінде қайта жөндеуден өткен тұрғын үй, Павлодардың «Сарыарқа» шағын ауданында тоғыз қабатты № 21 және № 22 тұрғын үйлер қолданысқа беріледі. Павлодар қаласының Жаңаауыл ауылында жаңа клуб, Шарбақты ауданының «Радуга» мектептен тыс жұмыс орталығының базасында IT-орталық ашылады.

Тәуелсіздік күніне орай Екібастұзда теміржол дөңгелектерін шығару кешені, төрт тұрғын үй, «Думан» сауда үйі, жекеменшік балабақша мен жол бойындағы сервис - 50 орындық дәмхана пайдалануға тапсырылады. Павлодардағы «Сарыарқа» шағын ауданында екі қабатты тұрғын үй мен Тереңкөл ауданы Бобровский ауылдық округінің Жаңабет ауылында бос уақытты тиімді өткізу орталығы ашылады. 

Фото: Ольга Бугаева

Соңғы жаңалықтар