Павлодар облысында көпбалалы 76 отбасы баспаналы болды

None
None
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласында көпбалалы 70 отбасыға пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан халқының бірлігі күні көпқабатты үйде бірден 102 жалдамалы пәтер пайдалануға берілді. Олардың 70-і көпбалалы отбасыларға үйлестірілді. Баспаналы болған жанұяларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтады.

«Халқымыздың бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баспанаға зәру адамдарға пәтер беру шешімі, бірінші кезекте, балалар үшін, олардың жайлы жерде өсіп-өнуі үшін қабылданды. Мереке құтты болсын, жаңа пәтерлеріңіз шаттыққа толсын», - деді ол.


Көмекке мұқтаж жанұяларды қолдау тұрғын үй құрылысымен шектелмейді. Жақын арада әрбір отбасын жұмыспен қамту, мектеппен және балабақшалармен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылады.

«Мемлекет бізге осындай көмек бергеніне үлкен рахмет. Балаларымызбен бірге кең үйде тұруға мүмкіндік алдық», - деп алғысын білдірді көпбалалы ана Елена Хайруллина.

Жаңа үйде қоныс тойын тойлағандар ішінде төрт бала тәрбиелеп отырған Алмагүл Бишімбаева да бар. Ол бұл сәтті 11 жыл күткенін айтады.


«Көпбалалы отбасыларға жәрдем ұсынған Елбасыға алғысымыз шексіз. Балаларымызға пәтер қатты ұнады. Барлық халықты мерекемен құттықтап, зор денсаулық пен бақыт тілеймін!», - дейді Алмагүл Бишімбаева.

Айта кетейік, бүгін Екібастұзда тұратын тағы екі отбасы пәтер кілттеріне ие болса, Ақтоғай, Май және Железин аудандарында көпбалалы төрт отбасы жаңа баспана алды.

Соңғы жаңалықтар