Павлодар облысында қасқырлар саны күрт азайып кетті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Павлодар облысында небәрі 194 қасқыр қалған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы агенттікке облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар бөлімінің басшысы Ернар Шекеев мәлім етті.

«Қасқыр облыстың аң аулау квотасына кірмейді және аңшылық объектісіне жатпайды. Бірақ облыстың оңтүстік және шығыс өңірлері - Баянауыл, Шарбақты, Аққулы аудандарында дала жыртқышы көбейген кезде түскен өтініштерге қарай белгілі бір лимит бекітіледі.

Жыл сайын жағдай өзгеріп отырады. Сондықтан 2020 жылға болжам жасау қиын. Себебі, қасқыр - көшіп жүретін миграциялық жануар. Жеке сұранысқа қарай тұрғындар мен атқарушы органдардың өтініші бойынша лимит белгіленеді. Кез келген адам аңшылыққа шығу үшін жергілікті атқарушы органның рұқсатын алуы тиіс»,- дейді Ернар Шекеев.

Қазіргі таңда 15 ақпаннан бастап аң мен құстың кез келген түрін аулауға тыйым салынған.

Бөлім басшысының айтуынша, облыстағы 38 аңшылық алқабының 33-інде бекітілген иелері бар. Олар аңшылыққа шығу үшін мемлекеттік органнан келіп рұқсат алады әрі қарапайым адамдарға жолдама сатады. Бұл алқаптардың тең жартысы Баянауыл ауданында орналасқан. Сондай-ақ, бөрілер Екібастұз және Ақтоғай, Ертіс, Железин аймақтарында жиі кездеседі. Қасқырлардың азаюына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі, антропогендік - қоршаған ортаға адамзаттың тигізетін теріс іс-әрекеті. Екіншісі, мазалау факторы - яғни, жолдардың салынуы, азық-түліктің азаюы және басқа да себептер.

«Мысалы, Баянауыл өңірінде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бұған қоса, малдардың жайылымдарға шықпауынан қорек таба алмаған соң Алтай өңірлеріне ауысып, шекарадан асып кетеді»,- дейді Ернар Шекеев.

Осыдан үш жыл бұрын бөрілердің саны тым артып, халыққа кері әсерін тигізген. Әсіресе, жылқыларға шабуылдай бастаған. Жалпы, соңғы жылдары әдеттегі наурыз-мамыр айлары аралығында өтетін көктемгі аңшылық маусымына республика тарапынан тыйым салынды. Себебі, ұя салуға ұшып келетін құстар өте әлсіз болады. Ал, 16 маусымда суырларға, қыркүйек айында өзендер мен көлдерге қонатын құстарға аңшылық маусымы ашылады. Нақты мерзім алдын ала комитетпен белгіленеді.

Айта кетерлігі, 2019 жылдың соңына дейін қасқырлардың азаюына байланысты Ақмола, БҚО, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында жыртқыш аңдардың бұл түрін атуға тыйым салынды. Тек қана адамға немесе үй жануарларына шабуыл жасағанда, сондай-ақ, ауылды елді мекен аумағында жүрген жағдайда ғана атуға рұқсат етіледі.

Соңғы жаңалықтар