Павлодар облысында қарақшылар экспедиторлардың 8,5 млн теңгесін тартып алған

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -Павлодар облыстық полиция департаментінің полиция қызметкерлері ізін суытпай төрт сағаттың ішінде қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілерді қолға түсірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы полиция департаментінің ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында қылмыстық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Денис Лоскутов мәдім еткен.

«14 қараша күні Достық ауылындағы дүкеннің маңында қарақшылық шабуыл жасалды. Қаскүнемдер медициналық бетперде киіп алып, қару қолдану арқылы темекі өнімдерін саудалаумен айналысатын ЖШС-ға тиесілі супервайзерге шабуыл жасаған. Қылмысты ашу үшін облыстық полиция департаментінің жеке құрамы толығымен жұмылдырылды. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен 34, 36 және 48 жастағы үш адам ұсталды. Олардың барлығы облыс тұрғындары. Аталмыш факті бойынша алдын ала тергеу шаралары жүріп жатыр»,- деді Денис Лоскутов.

Полиция полковнигінің айтуынша, аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер алдын ала жоспар құрған. Экспедиторлардың соңына түсіп, бірнеше күннен бері маршрут бағытын, қандай дүкендерге баратындығын бақылаған. Бұдан кейін адам жүрмейтін жерді таңдап, шабуыл жасаған. Салдарынан 8,5 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Бұл қаражат иелеріне қайтарылды. Санкция бойынша қару қолдану арқылы қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 192-бабына сәйкес тергеу жүргізілуде. Қарақшылар травматикалық тапаншамен қорқыту арқылы машинадағы ақшаны тартып алған. Зардап шеккен екі супервайзер 1993 жылғы және 1976 жылғы азаматтар. Олар арнайы  жабдықталған Газель көлігімен тауар тасымалдаған. Өз кінәсін мойындаған қарақшылар полиция басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.  Бұған дейін ешқайсысы сотты болмаған. Олардың біреуі бұрын осыған ұқсас шылым өнімдерін саудалайтын ЖШС-да еңбек еткен және супервайзердің жұмысын білген. 

Соңғы жаңалықтар