Павлодар облысында газ баллоны жарылып, ер адам мерт болды

None
None
БАЯНАУЫЛ. ҚазАқпарат – Қайғылы оқиға Баянауыл ауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Он екінші ақпан күні сағат 17:10-да Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қаратомар ауылында екі пәтерлі тұрғын үйдің ас бөлмесінде газ баллоны жарылған (баллонның сыйымдылығы – бес литр). Өрт болмады, бірақ 80 шаршы метр аумақтың шатыры қирады (үйдің жалпы көлемі – 90 шаршы метр). Қираған жерде 1989 жылы туған ер адамның денесі табылды», - деп хабарлады Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Екі қолын, бетін, арқасын екінші және үшінші дәрежедегі күйік шалған 1967 жылы туған үй иесі Баянауыл ауылының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

«Пәтерде керме төбелер орнату жұмысы жүргізілген. Газ баллоны қатты отынмен жанатын жылыту пешінің жанында болғандықтан жарылған», - деп толықтырды аймақтық ТЖД.

Төтенше жағдайдың алдын ала себебі – газ баллонын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау болып отыр.

«Көрші пәтерде 1978 жылы туған ер адам мен, 1943 жылы туған әйел тұрады. Оқиға кезінде олар зардап шекпеді. Пәтер тұруға жарамсыз болып қалған (құлау қаупі бар). Ондағы отбасы мүшелері қазіргі уақытта туыстырының үйінде», - деді құтқарушылар.


Соңғы жаңалықтар