Павлодар облысында ет өндірісін жыл сайын 10 пайызға арттыру көзделуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысында ет өндірісін жыл сайын 10 пайызға арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешеніне жеке тоқталайын. Өңірдің жалпы ішкі өнімінде АӨК саласының үлесі 8,8 пайызды құрап отыр. Бұл индустриялы облыс үшін айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Осы себепті ауыл шаруашылығы есебінен экономиканы әртараптандыру мүмкіндігіне ие болдық. Бұл тұрғыда дамытуға болатын үш бағыт бар. Олар: суармалы жерді игеру, сүт пен ет өндірісін жолға қою», - деді Әбілқайыр Сқақов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша суармалы жердің аумағы биыл 121 мың гектарға өскен.

«Мына бір мәліметті келтірейін: 52 мың гектарлық суармалы жерден суарылмаған 900 мың гектардан алынған өнімге тең егін жиналды. Ойлап қарасаңыз 17 есе аз жер. Яғни суармалы жердің көлемін арттыру жұмысы ауыл шаруашылығының өсімін қамтамасыз етеді», - деді әкім.

Аймақ басшысы сонымен қатар ет және сүт өндірісіне қатысты пікір білдірді.

«Биыл 7 сүт-тауарлы ферма іске қосылса, алдағы үш жылда тағы 15-ін ашамыз. Бұл сүт өндірісінің өнеркәсібінің өсімін 60 пайызға дейін арттырады. Биыл облыс 4,4 мың сиырды импорттады. Алдағы жылы 5 мың басқа арналған бордақы алаңын салуды көздеп отырмыз. Ал биыл жергілікті құс фабрикасы күркетауық етінің өндірісін жолға қояды. Мұндай өндіріс ошағы Қазақстанның екі жерінде ғана бар. Осылайша, Павлодар облысында ет өндірісін жыл сайын 10 пайызға арттыру көзделіп отыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар