Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 378.90 EUR 422.74
RUB 5.87 CNY 54.80
Jańalyqtar

Павлодар облысында Ертіс деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр

2019 жылғы 15 сәуір 16:51 480
Бөлісіңіз:
Павлодар облысында Ертіс деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Шүлбі қоймасынан жіберілетін су көлемінің артатынын мәлім етті. Осыған байланысты Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойында орналасқан елді мекендердің шеткі үйлерін су басу қаупі бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитет басшысы Владимир Беккердің айтуынша, бүгінде Шүлбі су қоймасы 100 процентке толып тұр. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қоймадағы суды көптеп жіберуге шешім қабылдады. «Қазіргі кезде Ертіс өзенінде мұз кептелісі жоқ. Сондықтан 15 сәуір мен 2 мамыр аралығында Шүлбі қоймасынан су көптеп жіберіледі. Қазірдің өзінде ол судың көлемі секундына 2 400 текше метрге дейін артты. Ал 17-23 сәуір күндері секундына 3 500 текше метр жіберілетін болады. Осының алдында айтқанмын, Павлодар облысында 11 елді мекеннің шеткі үйлеріне су жақындауы мүмкін. Барлығы өзенге жақын төменгі жақта орналасқан. Негізі, бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Дегенмен, бір мәселені ескеру керек, су көптеп жіберілгенде өзеннің деңгейі күрт көтеріліп кетеді», - деді В.Беккер елордадағы баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, өткен аптадағы брифингте комитет басшысы Павлодар облысында Ертіс өзенінің тасуынан қай ауылдарға қауіп төніп тұрғанын айтты. Бірақ аталған елді мекендерде тек шеткі бірнеше үйді ғана су алып кетуі мүмкін.  «Павлодар облысы бойынша су тасқыны қатері 11 елді мекенге төніп тұр. Олардың ішінде Кенжекөл, Ленинский, Ақсу қаласы, Песчаное, Ақсу кенті, Қарасұқ, Тереңкөл, Аққұлы, Ақсарай, Жаңасарай, Госплеменстанция сияқты елді мекендер бар. Барлығы Ертістің бойын жағалай орналасқан. Бірақ бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, су аталған елді мекендердің бәрін алып кетеді деген сөз емес. Әрбір ауылда су бірнеше үйге ғана кіруі мүмкін. Мәселен, Песчаное ауылында үш үйге қауіп төніп тұрса, Қарасуда екі-ақ үй суға жақын тұр. Сол сияқты Ақсу қаласында бес үйге ғана су кіруі мүмкін», - деп атап көрсеткен еді В.Беккер. 

 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
MURAǴAT