Павлодар облысында екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Нұрболат Мақашев тағайындалды.

Нұрболат Мақашев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «инженер-сарапшы» мамандығы бойынша білім алды.

2010 жылы «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, ал 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Шпайер» Неміс Әкімшілік басқару университетінің магистратурасын бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды.


Нұрболат Мақашевтың Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс тәжірибесі бар.

2018 жылы ол ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылы Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Бұған дейін 10 жыл бойы Нұрболат Мақашев ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді – қайта өңдеу және аграрлық азық-түлік нарықтары департаментінің сарапшысынан бастап стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасарына дейін.

Сонымен қатар, Павлодар облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасын Арман Бекбосынов басқаратын болды.

Арман Бекбосынов 1973 жылы ШҚО-да дүниеге келген.


1995 жылы Өскемен жол-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, ал 2014 жылы экономика және бизнес магистрі дәрежесін Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінен алды.

Еңбек жолын ШҚО автомобиль жолдары қазыналық кәсіпорнында инженер болып бастады, онда 1996 жылдан 1999 жылға дейін жұмыс істеді.

Кейін «Қазақавтожол» РМҚК филиалында бас маман болды.

2000 жылы Арман Бекбосынов Мемлекеттік қызметке ауысты – алдымен ШҚО автомобиль жолдары басқармасына, содан кейін – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне (ККМ).

2005 жылы осы комитеттің басқарма басшысы болды. Сол жылдың қыркүйек айында «Казахдорстрой» ЖШС директорының орынбасары болып тағайындалды.

2006 жылы Арман Бекбосынов Атырау облысы көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті басқарма бастығының орынбасары болып, ККМ құрылымына қайта оралды.

2008 жылы ККМ басқармасын басқарды.

Бір жылдан кейін ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды.

2010-2013 жылдары-ШҚО Катонқарағай ауданының әкімі. 2013-2014 жылдары – «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасы. 2014-2016 жылдары - ШҚО Глубокое ауданының әкімі.

2017 жылдан 2020 жылға дейін автомобиль жолдарының құрылысы бойынша «Теміржол жөндеу» ЖШС дивизионын басқарды.


Соңғы жаңалықтар