Павлодар облысында депутаттыққа 6 адам өтініш берді

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Алдағы сайлауда Павлодар облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат және ҚР Парламенті Мәжілісіне бір депутат сайланады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың мәліметінше, қазіргі уақытта кандидаттарды ұсыну процесі жүргізілуде.

«Қазіргі таңда Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне – бір, қалалар мен аудандардың мәслихаттарына 5 кандидат ұсынылды», – деді Гүлнар Аманжолова.
Павлодар облысы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеуге және өткізуге 710 сайлау комиссиясы, оның ішінде 14 аумақтық, 173 аудандық және 523 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған.
«Облыстық мәслихатқа 32 депутат сайланады, оның ішінде 16 сайлау округі мажоритарлық жүйе бойынша, жартысы партиялық тізім бойынша сайланады. Үш қала мен 10 ауданда 157 сайлау округінде депутаттар мажоритарлық жүйе бойынша сайланады», – деді спикер.
Спикердің сөзінше, өзін-өзі ұсынуға кандидат округтік сайлау комиссиясына өтінішін, өмірбаянын және жеке куәлігінің көшірмесін тапсыруы тиіс.
«Округтік сайлау комиссиясы азаматтығының болуын және өтелмеген соттылығының жоқтығын тексеру нәтижелері бойынша кандидаттың заңнамада көзделген талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдайды», – деді Гүлнар Аманжолова.
Келесі кезеңге кандидат мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін ең төменгі жалақының 5 және Мәжіліс депутаттығына ұсынғаны үшін 15 ең төменгі жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын төлеп, өзі және жұбайы үшін 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық декларациясын тапсыруы тиіс.
Айта кетейік, аталған құжаттарды тапсырғаннан кейін округтік комиссия кандидатты тіркеуді жүргізеді.
Еске салайық, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу 2023 жылғы 20 қаңтарда басталып, 2023 жылғы 18 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де аяқталады.
Соңғы жаңалықтар