Павлодар облысында бірнеше мектеп оқушысы коронавирус жұқтырып алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысының үш өңірінде мектеп оқушылары коронавирус жұқтырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодар облысында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бері COVID-19 жұқтырудың 78 жағдайы тіркелді. Олардың 17 жағдайы – 18 жасқа дейінгі жастар, 11-і – мектеп жасындағы балалар. Аудандарды жеке қарастырғанда, Шарбақты ауданында - 5, Павлодар қаласында - 5, Ақсу қаласында 1 жағдай тіркелген», - деп хабарлайды Павлодар облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.

Департаменттің хабарлауынша, 23 қыркүйек күні Шарбақты ауданындағы Алексеев орта мектебінің бастауыш сынып оқушысынан COVID-19 ауруын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелген.

«24 қыркүйекте аталмыш мектепте ауру жұқтырған баламен байланыста болғандарды зерттеу барысында бастауыш блоктағы тағы үш баланың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Шағым жоқ, ауру вирус белгісінсіз өтіп жатыр. Төрт баладан коронавирус анықталғаннан кейін 25 қыркүйекте мектеп карантинге жабылды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 25 қыркүйек күні Шарбақты ауданының Қосқұдық ауылында тұратын бір баладан COVID-19 ауруы анықталған. Бала Абай атындағы орта мектепте қашықтан білім алған. Осылайша Шарбақты ауданында коронавирус жұқтырған балалардың саны беске жетіп отыр.

«Кеше, яғни 27 қыркүйекте Павлодар қаласында мектеп оқушыларының COVID-19 жұқтыруының тағы екі жағдайы тіркелді. Облыстағы Алексеев атындағы орта мектеп пен №10 мектеп-лицейде эпидемияға қарсы шаралар өткізілді: жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, санитариялық-эпидемиологиялық шараларды өткізу туралы қаулы шығарылды, дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Ауырып қалған балалардың жетеуі COVID-19 бойынша тесттен өту кезінде, бір бала профилактикалық мақсаттағы зерттеу кезінде, үш бала өздігімен келген кезде анықталды. Бес бала ауруды жеңіл түрде, ал алтауы симптомсыз өткеріп жатыр. Қазір олардың жағдайы жақсы. Алты бала үй карантинінде амбулаториялық ем алуда», - деп хабарлайды департаменттен.


Соңғы жаңалықтар