Павлодар облысында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды

Фото:
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлолар облысының әкімі Асайын Байханов кеңейтілген аппараттық кеңесте мемлекеттік органдардың жаңа басшыларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап.

Мұрат Қабылжапарұлы Хамитов Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Мұрат Хамитов 1963 жылы туған. Р. Руденко атындағы Еңбек Қызыл Ту Орденінің Свердлов заң институтын, Қазақстан инновациялық университетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің Ішкі істер қызметінен бастаған. 1990-2018 жылдары Павлодар облысының прокуратурасында жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап өңірдің мемлекеттік органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының Мемлекеттік қызмет көрсету және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасын Медет Алпысбайұлы Тауасқан басқарады.

Медет Тауасқан 1986 жылы туған, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан 2018 жылға дейін Успен ауданының демалыс орталығының түрлі лауазымдарында жұмыс істеді. 2018 жылдан 2019 жылға дейін Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін 2021 жылдан бастап Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Сондай-ақ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы болып Қанат Жантұяқұлы Мұсапарбеков тағайындалды.

Қанат Жантұяқұлы 1963 жылы туған, Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтын, Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін «Экономика және өндірісті басқару» мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы бойынша экология департаментін басқарды.

Асайын Байханов жаңадан тағайындалған басшыларды құттықтап, жаңа лауазымдағы мақсаттар мен міндеттерді тиісті деңгейде орындайтынына сенім білдірді. Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі


Фото: t.me/baspasozpvl

Соңғы жаңалықтар