Павлодар облысында балықтың неден қырылғаны белгілі болды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Тяпка көлінде балықтың қырылуына байланысты судан сынама алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тяпка көлінде балық жаппай қырылғанын хабарлаған болатынбыз.

Кеше Павлодар облысы бойынша балық инспекция бөлімі, Павлодар облысының экология департаменті, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мен «Балық шаруашылығы ҒӨО» ЖШС Алтай филиалының өкілдері Тяпка көліне барған.

Экология департаментінің мамандары зертханада зерттеу жүргізу үшін су сынамасын алды.

«Балықтардың қырылуының себебі - алдын ала болжам бойынша Тяпка көлінің таяз бөлігін толық мұз басуы. Тяпка көлінде балықтың қырылуының нақты себебін Павлодар облысы экология департаментінің зертханалық сараптама қорытындысы анықтайды және қосымша хабарланады» деп мәлім етті Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.

Өлі балықтар жиналып, көзі жойылды. Бұл жұмысқа 17 адам қатысты.

Қырылған балықтың көлемі - 80 кг (мөңке балық, оның шабақтары – 63 кг, сазан – 14 кг және шортан – 3 кг).

Су айдыны Павлодар облысы Ақсу қаласының ауылдық аймағында орналасқан, жанында өндірістік объектілер жоқ. Павлодар қаласынан 25 км жерде.

Ауданы - шамамен 40 га, тереңдігі - 1,1 м. Резерв су айдыны саналады.


Соңғы жаңалықтар