Павлодар облысында балаларды оңалтудың бірыңғай жүйесі жасалады

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталық пен «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашылады, сондай-ақ облыстық балалар ауруханасының триаж-орталығын салу мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Асайын Байханов жөндеуден кейін ашылған облыстық балаларды оңалту орталығына барды.

Бұған дейін орталық Лермонтов көшесі, 59 мекенжайындағы үй-жайды Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментімен бөлісіп тұрған еді.

Мемлекеттік орган басқа ғимаратқа көшкеннен кейін шамамен 300 шаршы метр босады. Жалпы ауданы 1486,6 шаршы метр ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, мұнда ЕФК, кинезотерапия, магнитотерапия, лазерлік терапия, жарық емдеу және гидротерапия, психолог және логопед кабинеттері орналасты.

Сонымен қатар, қазір орталықта 2 бассейн жұмыс істейді, оның ішінде сәбилерге арналған бассейн де бар, сондай-ақ, сенсорлық бөлмелер, Монтессори кабинеті, тұз шахтасы және спорт залы ашылды.

Орталықтың басшысы Фарида Тұрақбаеваның айтуынша бір ауысымдағы келушілер саны жүзден жүз отызға дейін өсті.

Бұл орталық оңалтудың жалпы жүйесіндегі бірінші орталық болды.

Алдағы уақытта өңірде аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған және «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр, сондай-ақ облыстық балалар ауруханасының триаж-орталығын салу мәселесі қаралып жатыр.

Асайын Байханов бүкіл өңірдің балаларына көмек көрсететін осындай оңалту орталықтарының жұмысының маңызын атап өтті.

- Мұндай оңалту орталықтары біздің балаларымыз үшін өте қажет. Олар көптеген сәбилерге көмектесе алады. Біз облыста балаларды оңалту үшін инфрақұрылымды кеңейтіп, жақсартатын боламыз, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы денсаулық сақтау басқармасына бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды және балалар ауруларының алдын алу үшін ерте емдеу және оңалтудың үздік отандық және әлемдік әдістемелерін жинақтауды тапсырды.

Фото: Валерий Бугаев
Соңғы жаңалықтар