Павлодар облысында балабақша есепшісі 14 млн теңгені жымқырды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қаласында балабақша есепшісі ұйымға азық-түлік жеткізушілермен есеп айырысуға және қызметкерлерге жалақы төлеуге арналған қаражатты өзінің және туысының банк карточкасына аударып отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Ақсу қаласындағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін есепшінің бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады», - деп хабарлады Павлодар облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті қаржылық есеп аудиті бөлімінің бас маманы Қуаныш Исеев.

Департамент бөлімінің басшысы Анар Мұратованың мәліметінше, аудит өтініш негізінде өткізілген.

«Аудит кезінде кәсіпорын есепшісінің ұйымға азық-түлік жеткізушілермен есеп айырысуға және қызметкерлерге жалақы төлеуге арналған қаражатты өзінің және туысының банк карточкаларына негізсіз аударғаны белгілі болды», - деп атап өтті Қ.Исеев.

Есепшінің 2020 жылы ұрлаған бюджет қаражатының жалпы сомасы 14 миллионға жуық теңгені құрады.

Аудит материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.


Соңғы жаңалықтар