Павлодар облысында ауыл жастары жалғызбасты зейнеткерге үй салып берді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Шарбақты ауданындағы Есілбай ауылының белсенді жастары жалғызбасты зейнеткерге арналған екі бөлмелі баспананың құрылысын екі айдың ішінде аяқтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«66 жастағы Гүлнаш апамыз жалғыз тұрады. Есілбай ауылында үйі болған еді. Өткен жылы бір бөлмесінің шатыры түсіп кетті, жөндеуге келмейді. Ол кісі өзі ешкімнен көмек сұрап, жүгінген емес. Зейнеткерге ауыл жастары үй салып беруге ниет білдірді. Бірлігі жарасқан жастар қысқа уақыттың ішінде баспана тұрғызып берді. Осы аптаның аяғында есігін салып, ақтау жұмыстарын аяқтайды»,- дейді Шарбақты ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов.

30 шақты адам құрылыс материалдары мен керек-жарақты сатып алған. Бұған қоса, зейнеткерге жайлы жағдай жасау үшін тоңазытқыш, газ плитасы және кір жуатын машина сияқты тұрмыс техникаларын да сатып алып бермек.
«Үйімнің төбесін жөндеу керек болатын. Мен ешкімге салмақ салып, көмек сұрағым келмеді. Әркімнің өз отбасы мен жұмысы бар. Бірақ жастардың өздері қолқа салып, көмек көрсетуге ниет білдірген соң меселін қайтармадым. Ауланың ішінен үй салып, электр сымын тартты, құрылысты аяқтауға таяп қалды. Олардың бұл ісіне ризашылығымды білдіремін», - дейді зейнеткер.

Соңғы жаңалықтар