Павлодар облысында әскерге шақырылған 1200-ге жуық адам іздеуде жүр

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында әскерге шақырылған 1200-ге жуық азамат іздеуде жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Алмасбек Бұхарбаев мәліметінше, күзгі әскери қызметке шақыру науқаны кезінде жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 250 азамат табылып, бүгінде 1163 азамат әлі де іздеуде жүр.

«2022 жылы мерзімді әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы 4798 азамат шақырылған. Алайда, соның ішінде денсаулық жағдайына байланысты 507 азамат, отбасы жағдайына байланысты 202 азамат, білім алуына байланысты 1455 азамат әскери қызметке бармады», – деді Алмасбек Бұхарбаев.

2022 жылы 200-ден астам адамға мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылған.

Сондай-ақ департамент басшысының орынбасары азаматтардың әскерге барудан бас тарту себебін түсіндірді.

«Көп азаматтар бір жыл уақытын жоғалтуға қорқады. Әскерге барар алдында оларда «Неге мен одан да ол уақытта білімге немесе жұмыс істеуге жұмсамаймын?» деген сияқты сұрақ туындайды. Яғни бұл қорқыныш емес», – деп атап өтті Алмасбек Бұхарбаев.

Спикердің сөзінше, бүгінде әскерге барып, азаматтық борышын өткеп келген азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Қорғаныс министрі республика бойынша 50-ден астам білім беру мекемесімен меморандумға қол қойды. Әскери борышын өтеп келген әскери қызметшілер ҰБТ тапсырмай грантқа оқуға түсіп, жоғарғы білім ала алады. Сонымен қатар несие төлеу мерзімі 13 айға тоқтатылады және коммуналдық төлемнің 50 пайызы төленеді.

Сонымен қатар Қазақстанда әскерге бара алмағандарға ақылы түрде әскери борышын өтеуге мүмкіндік беріледі. Павлодар облысында мұндай әскери жиынның құны 304 мың теңгені құрайды.

«2022 жылы Қорғаныс министрлігі Павлодардағы филиалының әскери-техникалық мектебіне, яғни 40 күндік әскерге 24 жасқа толған 170 азамат жіберілді», – деді Алмасбек Бұхарбаев.

Айта кетейік, 2023 жылы өңірде көктемде 865 азамат мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған.


Фото: Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар