Павлодар облысында ақбөкендер саны 8 мыңнан асты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының аумағында «Ақбөкен» ауқымды табиғатты қорғау акциясы өткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталмыш шараның негізгі мақсаты - браконьерлікпен күресті күшейту, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу.
- Желтоқсан айында еркек киіктер едәуір әлсірейді, сондықтан олар браконьерлер мен жыртқыштар үшін оңай олжаға айналады. Киіктердің жаппай қырылу уақыты мамыр айында, яғни төлдеу кезінде болады. «Ақбөкен» акциясын өткізу кезеңінде киіктердің мүйізінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтіліп, оларды елден тыс жерлерге әкетуге тосқауыл қойылады. Ол үшін аумақтық полиция органдарының өкілдері мен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары қатарынан мобильді топтар құрылды, - деді онлайн форматта өткен брифинг барысында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жануарлар дүниесін қорғау қызметінің басшысы Ержан Исабеков.

ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, акция «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы аясында өтуде.

- Жыл басынан бері полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасындағы 760 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде: 324 адам балық аулау ережесін және 365 адам аң аулау ережесін бұзған. Жалпы сомасы 5,2 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Павлодар облысында 8000-нан астам ақбөкен бар. Олар көбінесе Май және Баянауыл аудандарында кездеседі. Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау және сақтау жұмыстары полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.


Соңғы жаңалықтар