Павлодар облысында адам қағып өлтіріп, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнына қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

28 наурыз күні кешкі 20.35 кезінде Омбы-Майқапшағай тасжолының Павлодар қаласына бара жатқан тұсында беймәлім көлік 28 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Ол тоқтап, жәбірленушіге көмектеспей, оқиға орнынан ізін суытқан. Ал жаяу адам алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.

«Аталған факті негізінде ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды« дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Полиция күдіктіні іздеп, табу үшін орасан зор жұмыс атқарды. Олар оқиға орнынан көліктің ұсақ бөлшектерін тауып, машинаның маркасын анықтауға тырысты.

«Жол бойындағы кафелердегі, жанармай стансасындағы видеокамераларды қарап, күдікті көліктің ізіне түсуге тырыстық. Тәртіп сақшылары сол күні аталған тасжолмен жүріп өткен 300-ден астам көлікті тексеріп, жүргізушілерден жауап алып шықты. Бір көліктің видеотіркегішіндегі жазбаның көмегімен адам қаққан көліктің маркасы мен нөмірін анықтау мүмкін болды. Сол арқылы бүкіл полиция бөлімшелеріне бағыттама жолданды» дейді Жасқайрат Қайыров.

Мұқият әрі тиянақты жұмыстың нәтижесінде павлодарлық полицейлер академик Шоқин көшесіндегі бір ауладан күдікті көлікті тапты.

Автомашина айып тұрағын қойылды. Күдікті ұсталған, тиісті тергеу жұмыстары жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар