Павлодар облысында «7-20-25» бағдарламасы іске аспай тұр - Асқар Мамин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында «7-20-25» бағдарламасы іске аспай тұр. Бұл туралы бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуы қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болат Жұмабекұлы, облыста ағымдағы жылдың екі айында тұрғын үйге салынатын инвестиция өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға азайып отыр», - деді отырыс барысында Үкімет басшысы Павлодар облысының әкімі Бақауовқа қарата.

Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі өткен екі айда шынымен де құрылыс саласындағы көрсеткіштер орындалмағанын мойындады.

«Тоқсан қорытындысында оң динамиканы қамтамасыз етеміз. Өсім 110 пайызды құрайды. Бір мердігерлер «Сарыарқа» шағын ауданында 10 мың пәтерді үлгермеді», - деді облыс басшысы.

Осы орайда Премьер-Министр Павлодар облысының экономикалық және өндірістік әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.

«Орташа еңбекақы жоғары деңгейде және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары өте көп. Бірақ, өңірде «7-20-25» бағдарламасы іске аспай тұр. Республика бойынша жалпы 6 мың өтініш мақұлданса, сіздерде ол небәрі 77 ғана, яғни бір пайыз», - деді Асқар Мамин.

Болат Бақауов қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер 181 өтінім қабылдағанын айтты.

«Соның ішінде бүгінгі күні 80 өтінім мақұлданды. Қазіргі уақытта осы бағдарлама арқылы іске асыруға облыста 283 пәтер бар. Бұған қоса, ENRC компаниялар тобы өз қызметкерлеріне 2019 жылы 350 пәтерді осы бағдарлама бойынша сатып алу келісімін жасады. Бірінші жартыжылдықтан кейін осы көрсеткіштерді дұрыстаймыз», - деп уәде берді Павлодар облысының әкімі.

Соңғы жаңалықтар