Павлодар облысында 3 отбасы саунада хлордан уланды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының Ақсу қаласында 9 адам саунадағы хлордан уланып қалды. Оның ішінде 5 бала бар. Бұл ақпаратты ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Байбәкіров растады.

«24 тамызда сағат шамамен 21:00-де жедел жәрдем қызметіне Ақсу қаласындағы сауналардың бірінде адамдардың уланғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу барған дәрігерлер 3 балаға көмек көрсетіп, олар аурухана жатқызылды. Қалғандарының денсаулық жағдайы қалыпты. Бір тәуліктен кейін уланған 3 бала ауруханадан шығарылып, үйлеріне жіберілді. Дегенмен олар әзірге дәрігерлердің бақылауында болады.

Қазіргі уақытқа дейін белгілі болған мәлімет негізінде 3 отбасы, яғни 9 адам саунаға таныстарының туған күнін атап өтуге барған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, адамдар бассейндегі хлордан уланған.

Бұл жағдайға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тексеру жұмыстарын бастады», - деп мәлімдеді Нұрлан Байбәкіров тілші сауалына орай.

Қоса кетсек, бұған дейін Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 30-дан астам жұмысшы тамақтан уланып қалғанын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар