Павлодар облысынан «Nur Otan» партиясының ХІХ съезіне 35 делегат қатысады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалының ХХVIII кезектен тыс конференциясы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Конференция кезінде партия Төрағасының тапсырған «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл - ел бесігі» және «Құтты мекен» ұлттық жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Партия облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Болат Бақауов айтып өткендей, аталған жобалар партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын көтеру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген. - «Халыққа көмек» жобасының мақсаты тұрғындардың күнделікті проблемаларын шешуге атсалысу болып табылады, - дейді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко. - Осы орайда облыстағы барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 14 әлеуметтік терезе ашылды. Сол арқылы азаматтар кез келген сұрағын жолдай алады. Осы күнге дейін 673 өтініш түсіп, олардың 67 оң шешімін тапты.

Николай Дычко сонымен бірге, «Бақытты отбасы» атты партиялық жобаға да кеңінен тоқталды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау жөніндегі бұл жоба аясында түрлі іс-шаралар қолға алынуда. - Облысымызда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін 3,3 миллиард теңге қарастырылған, - деді Николай Дычко. - Балаларды мектепке дейінгі мекемелер тәрбиесімен қамту үшін 391,8 миллион теңге, оқушыларды мектептерде тегін тамақтандыруға 824 теңге, ал балалардың жазғы лагерьлерде демалуы мақсатында 305 миллион теңге бөлінуде.

Өңірлік партия ұйымының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов әрбір партия мүшесіне аталған жобалардың маңыздылығын түсініп, оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуды бұйырды. Сонымен бірге болашақ кезектен тыс президенттік сайлау жөнінде де айтты. - Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді, - дейді Болат Бақауов. - Біздер бірізділік пен ішкі және сыртқы саясатымыздың тұрақтылығын танытуымыз қажет. Елбасының әлеуметтік бағдарламаларын жемісті жүзеге асыруды жалғастыруымыз керек. Оны халықтың сайлауда тікелей дауыс беруі арқылы орындауға болады.

Кезектен тыс президенттік сайлаудың маңыздылығын басқа да партия мүшелері айтып өтті. Конференция соңында «Nur Otan» партиясының ХІХ кезектен тыс съезіне Павлодар облысынан баратын делегаттардың тізімі белгілі болды. Конференцияға қатысушылар 23 сәуірде Нұр-Сұлтанда өтетін съезге аттанатын партияның облыстық филиалының төрағасы Болат Бақауов бастаған 35 партия мүшесінің кандидатураларын қолдады.

Соңғы жаңалықтар