Павлодар облысына төрт жылда 2,1 мың қандас көшіп келді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысына төрт жылда 11388 адам немесе 2413 отбасы көшіп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірлік көші-қон саясатының негізгі бағыттарымен танысты.

«Еңбек» мемлекеттік нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 2017-2021 жылдары облысқа 11388 адам немесе 2413 отбасы көшіп келді. Олардың ішінде, 2162 қандастар мен 9226 көшіп келушілер. Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың жыл сайынғы өңірлік квотасы 100% орындалады.

Е.Тоғжанов Үкімет тарапынан азаматтарды жаңа жерге интеграциялау үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын, жеңілдіктер берілетінін, жұмыс орындары ашылатынын атап өтті.

«Павлодар облысы – қоныс аударушылар бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көшбасшы, сол үшін өңір басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл бағдарлама бойынша адамдар жұмыс күші артық өңірлерден ғана емес, шетелден де көшіп келеді. Қандастардың еліміз игілігіне қосқан үлесін ұмытпау керек», — деді вице-премьер.

Биыл өңірде қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау квотасы 3600 адамды құрайды. Бүгінгі күні өңірлік квотаға 1257 адам немесе жоспардың 34,9% енгізілді. Қоныс аударушылардың ең көп саны Павлодар және Екібастұз қалаларына келді. Облыстың Ақтоғай, Павлодар және Успен аудандарында квотаның орындалуы орташа көрсеткіштен жоғары.

Еңбек күшін көшіру жұмыс күші артық өңірлерден жүзеге асырылады. Басым көпшілігі Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарынан келеді. Олардың қатарында білім беру және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мамандар көп.

Еңбекке қабілетті 536 азаматтың 369-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, 6 адам грант алды және 1 адам оқуға жіберілді. Халықтың көп саны ауылдық жерлерде және облыс қалаларында қоныстанды.



Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар