Павлодар мұражайында атақты күйшілердің 20-ға жуық домбырасы сақтаулы

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қазақ саз аспабының бірегейі құдіретті қара домбыраның бір жарым мың жылдық тарихы бар деседі. Ұлтымыздың төл аспабы жайында аңыз әңгімелер де көп. Бізге ата-бабаларымыздан мұра болған күйлер қаншама. Оның әрбірінің өз заманына сай тарихы бар. Бұның сол күйлерді орындаған домбыраға да қатысы болса керек. Павлодарда атақты адамдарға шабыт берген жиырмаға жуық домбыра бір жерге топтастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында елімізге танымал өнер саңлақтары, ақын-жазушылардың домбыралары сақталған. Мәселен, Мейрам Асылғазин, Байғабыл Жылқыбаев, Нұтфолла Шәкенов, Кәукен Кенжетаев және Мұзафар Әлімбаевтың домбыралары тұр. Музейдің іргесі қаланған 90-жылдары жәдігерлер облыс тұрғындарынан жиналған.



Олардың арасында шығу дерегі беймәлім көне домбыра да бар. Аспаптың пішіні Моңғолияның Алтай тауларындағы үңгір тастан табылған көне аспапқа келеді. Үңгірден табылған домбыра бесінші ғасырға тиесілі екен. Оның мойнында руна жазбасынан аударғанда: «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деген жазу бар.

«Осы сөздердің өзіне қарап отырып домбыраның қаншама жылдық тарихы бар екенін көруге болады. Домбыра қазақтың мұңын, зарын, салт-дәстүрлерін, тарихын сақтап, бізге жеткізіп отырған ұлы аспаптардың бірі», - дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Ербол Қайыров.

Соңғы жаңалықтар