Павлодар коммунистері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын ұсынды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - ҚКХП Павлодар облыстық комитеті «Сыбайлас жемқорлық және бизнес: проблемалары мен оларды шешу әдістері» тақырыбында қоғамдық пікірталас ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және сауда, ақпарат және қоғамдық даму басқармаларының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары, қоғам қайраткерлері мен партия белсенділері қатысты.

Облыстық комитеттің хатшысы Гауһар Нұғманованың айтуынша, сыбайлас жемқорлық тақырыбы Қазақстан экономикасының барлық саласына қатысты. Сондықтан тіпті облыстық деңгейдегі шешімдер де ұлттық бағдарламаларды әзірлеуге негіз бола алады.

Қоғамдық пікірталас барысында сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы, таралу себептері және оның қоғам, экономика, кәсіпорындар, ұйымдар, кәсіпкерлер үшін теріс салдары талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік және жергілікті деңгейде қандай шаралар қабылдау қажет екендігі туралы сөз қозғалды. Талқылау барысында рейдерлік, жосықсыз бәсекелестік, шаруа қожалықтарының ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мәселелері қарастырылды. Өнімдерді сатуда делдалдардың дегені жүріп тұрғаны жасырын емес. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік сатып алулар қызметінің ашықтығы, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою мәселесі де қозғалды.

Заңтану профессоры, тәуелсіз сарапшы Виктор Жамулдинов нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру және заңға тәуелді актілерді реттеу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты. Өйткені қарапайым адамдар заң негіздерін әрдайым түсіне бермейді. Мәселен, соңғыда алкоголь мен темекі өнімдерін сатып алу кезінде тіпті егде жастағы адамдар да жеке куәлікті көрсететін болды. Шын мәнінде, бұл негізсіз талап.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Закарьянов бала кезден бастап парақорлық пен жемқорлыққа амал қарастыру керектігін айтты. Мұндай тәсілдер скандинавия елдерінде қолданылады екен. Онда сыбайлас жемқорлыққа шыланған адам қоғамның жиіркенішін тудырады. Жұмысқа орналасуда, жалпы қоғамда жемқорлыққа жол берген адам проблемалармен бетпе-бет келеді. Бізде шенеунік пара үшін сотталған болса да, оны мерзімінен бұрын босатуы мүмкін немесе ол айыппұлмен шектеліп, содан кейін де басшылық лауазымдарды атқара алады. Қазақстандық қоғам мұндай фактілерге немқұрайлы қарайды және мүлде үйреніп кетті десе де болады.

Шаруа қожалығының басшысы Серік Қариев сыбайлас жемқорлықтың көптеген формальдылықтардан, нұсқаулықтар мен ережелерден туындайтынына назар аударды. Фермер нарықта ет сату үшін ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтен және басқа да көптеген органдардан анықтамаларды жинауы керек. Барлық талаптар мен нұсқауларды орындау мүмкін емес. Сондықтан қалайда «келісу» керек. Мұндай жағдай түрлі салада кездеседі. Тамақтану орындарының иелері мейрамхана ашып, жұмыс істеу үшін «тозақтан» өтуге тура келеді. Өрт инспекциялары, санитарлық дәрігерлер және басқа да қызметтер, экологтарға дейін ақылға сыймайтын талаптар қояды.

– Облыстың партиялық активінің міндеті – барлық кәсіпкерлерге әділ жағдай жасау үшін заңнаманы өзгертуге негіз бола алатын ақпаратты жинау және талдау. Сонымен қатар, кейбір жергілікті мәселелерді қоғамдық пікірталастар форматында шешуге болады. Өйткені мүдделі ведомстволардың өкілдері дәл сол жерде шоғырланған, – деді Гауһар Нұғманова сөз соңында.

Іс-шараның қорытындысы бойынша атқарушы органдар үшін ұсынымдар әзірленді. Сондай-ақ Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Орталық комитетіне тиісті ақпарат дайындалды.


Соңғы жаңалықтар