Павлодар кәсіпкерлері күннен қуат алып, қараңғыда жарық шашатын плита өндіреді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық кәсіпкерлер Талғат Жұматаев пен Қайрат Тілеулен күндіз күннен қуат алатын плита арқылы ландшафт дизайны саласында ноу-хау енгізуді қолға алды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Дина Әбілдинова айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Жұматаев»  жеке кәсіпкерлігі палатаға бизнес-идеясымен жүгінген болатын. Менеджерлер мен кеңес беруші мамандар бизнес-жоспар құрып, жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде көмек көрсетті. Нәтижесінде «Бизнес-мектеп» курсынан білім алған ол грантты қаржыландыруға үміткер ретінде қатысып,  өз жобасымен  жеңімпаз  атанды, дейді  Дина Әбілдинова. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, мұндай плитаның қасиеті 200 жылға дейін сақталады және құрамында фосфор жоқ. Сондықтан айналаны қоршаған ортаға ешбір қауіп төндірмейді. Табиғи және сыртқы факторларға төзімді болып келеді.




Құрылыс материалдарын өндіруде тәжірибесі бар қос кәсіпкер қабырға  және құм блоктарын,  шлакблоктарын шығарумен айналысады. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын  сатудың қыр-сырын меңгерген. Жобаны жүзеге асыру үшін  жеке меншігінде  ғимарат  та бар.

«Қазіргі таңда энергия үнемдейтін жаяужол плиткасының маңызы зор. Бұл «Энергия үнемдеу - 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келеді. Электр энергиясын тұтынбайтын  экологиялық таза өнім. Сондай-ақ, жарықдиодты өнімдер санатына жатпайды, себебі энергия  талап етпейді. Күндіз қарапайым бетон плита сияқты болып көрінеді де, кеш батқанда жарық шашып тұрады»,- дейді Талғат Жұматаев.

Кәсіпкер   еліміз бойынша мұндай өндірістің баламасы жоқ екенін айтады.  Сондықтан күн қуатын сіңіретін плитамен бүкіл елді  қамтуды көздеп отыр.  Энергия үнемдейтін жаяужол плитасы күні бойы жарықты сіңіріп, қараңғыда соны жарық ретінде ақ-жасыл түсте шашып тұрады. -  Тұрғындар кешкі уақытта жарық беретін жолмен серуендегенде ертегі әлеміне тап болғандай күйге енеді, - дейді ол. - Ғажайып әсерді жаяужолға арналған ірі және ұсақ плиталарын мозайка ретінде төсеп немесе  шетіне  үйлестіру арқылы күшейтуге болады.  Кешкі уақытта полимерлік ұсақ бөлшектердің нығыздалуынан жарық бөлінеді. Мұндай жарық тұрғындарды ғана емес, қала қонақтарын да таң қалдыратыны анық. Осы өндірісті іске қосу арқылы қала  көркіне ешбір шығынсыз-ақ жаңа инновациялық көрік бере аламыз».

Айта кетейік, кәсіпкерлер ресейлік зауытпен «Луна» жарқырайтын жаяужол плитасының технологиясын қолдану мақсатында дилерлік келісім жасаған. 

Соңғы жаңалықтар