Павлодар қаласында 56 стритбол алаңы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мамыр айының ортасына дейін Павлодар қаласында 56 стритбол алаңы салынады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Дәл қазір мұндай жұмыстардың бірі Торайғыров көшесіндегі №6 үйдің жанында жүргізілуде. Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күмісай Асайынованың айтуынша, өңірде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Қазіргі уақытта тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін барынша жағдай жасалуда.

- Спорт алаңдарын орнату бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалды. Биыл барлығы 56 стритбол алаңы пайдалануға беріледі. 10-ға жуық алаң резервте тұр. Бүгінге дейін дәл осындай 21 алаң салынды. Қалған алаңдардың құрылысы мамыр айының ортасында аяқталады деп күтілуде, - дейді ол.

Бөлім басшысы облыс орталығындағы балалар ойнайтын 94 алаңның да жаңартылатынын айтады. Қазіргі уақытта оның 20-сы жөндеуден өткен.

Сондай-ақ, футбол алаңын құру бойынша конкурс жалғасуда. Егер мамыр айының басында мердігермен келісімшарт жасалса, маусым айының соңына дейін қалада 23 шағын футбол алаңы салынатын болады.

Дегенмен, кейбір тұрғын үйлердің аулаларында үлкен көлемдегі футбол алаңдарын салуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан ондай жерлерге 14x26 көлемдегі алаң орнатылады.

Соңғы жаңалықтар