Павлодар қаласын сумен қамтуға қауіп төніп тұр

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қаласындағы сумен қамтуға тиісті назар аударылмаса шаһар жуық арада ауызсусыз қалуы мүмкін. «Павлодар Суарнасы» мекемесі осындай проблеманы көтеріп, кәсіпорын өкілдері ел Президентінен мәселені шешуге көмек сұрап, үндеу жолдаған.

«Павлодар Суарнасы» мекемісінің келтірген мәліметіне қарағанда, қалаға ауызсу түгілі техникалық су да тапшыға айналуы ықтимал. Өйткені, кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Ертістен су соратын құрылғыларға жылжымалы құм тығылып, бітеудің шақ алдында тұр.

Ал, өзен түбін 2018 жылдан бері тазартып, қатердің алдын алып отырған кәсіпорын қызметіне сот шектеу қойған. Бұған табиғатты қорғау прокуратурасы ықпал еткен. Қадағалаушы орган құмның жылжуын – табиғи үдеріс, еш зиян тигізбейді дегенді алға тартыпты.

Сөйтіп, қайта өндіріс орны орналасқан 12 гектар аумаққа Ертістен шығарылған топырақ үйілген. Салдарынан жердің құнары жойылып, өсімдіктің барлық түрі семіп қалған.

Бірақ, «Павлодар Суарнасы» мекемесі мұнымен келіспейді. Керісінше, ондағы мамандар өзекті мәселе өзеннің түбіндегі құмның жылжуы екенін айтады.

Осыдан 7 жыл бұрын құм мен сорғы стансасы аралығы шамамен 1 шақырымға жеткен. Ал, 4 жыл бұрын кәсіпорын өзен табанын тазартуды бастап, құмның көшу қарқынын 250 метрге қысқартқан.

Өндірілген шикізаттан құрылыс материалдары жасалған. Проблема оң шешілмесе, бұл жобаға кеткен шығындарды тарифті өсіру арқылы өндіруге мәжбүрміз дегенді де айтады.

Сондықтан, кәсіпорын өкілдері Президенттен көмек сұрап, үндеу жолдаған.

«Былтырдан бері біз өзенде тазарту жұмыстарын жүргізбедік. Содан құмның жылжуы жеделдеді. Қазір сорғы құрылғыларына тақап қалды. Енді, Ертістің мінезіне де байланысты. Ағысына қарай жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Яғни, үлкен қауіп төніп тұр. Мүмкін биыл, мүмкін келер жылы құрылғы бітеліп қалса қала сусыз қалады», -дейді «Павлодар суарнасы» ЖШС өкілі Валерий Филяев.

Айта кетерлігі, қала әкімдігі болса Павлодарда суға қатысты мәселе туындайтындай еш негіз жоқ дейді.

Олардың мәліметіне қарағанда, Ертісте тазарту жұмыстары 2018 жылға дейін де жүргізіліп, оған қосымша қондырғы орнату қажет етілмеген.


Соңғы жаңалықтар