Павлодар қаласы әкімінің орынбасарына тәртіптік өндіріс тағайындау ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінде қалалық ТҮКШ бөлімінің жұмысына қатысты түскен шағым қаралды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аталған ведомствоның бас маманы Елухан Ергебаев Әдеп бойынша кеңестің хатшылығына «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» Павлодар облысы бойынша қоғамдық бірлестігі «Павлодар қаласы кондоминиум нысандарын ұстау және басқару органдарының Ассоциациясы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы С. Ивановадан қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің заңды тұлғаларына қатысты  жолдаған шағымның мазмұнымен таныстырып өтті. 

- Үш ай бойы тамыз, қыркүйек және қазан айларында ТҮКШ және АЖ бөлімінде жұмыста тұрақтылық жоқ, - дейді Елухан Ергебаев. - Бөлімде екі басшылық бар. Оның бірі - шартты түрде бөлім басшысының міндетін атқарушы Асхат Омаров болса, екіншісі - бөлімге жалпы басшылық жүргізетін Зікрия Солтанғазинов. Бұған қоса, қолдағы бар ақпаратқа сүйенсек, екіншісінің мемлекеттік қызметші сертификаты жоқ. Иванованың шағымы бойынша жоспардан тыс жүргізілген тексеріс кезінде кейбір жағдайлардың беті ашылды. Қызметтік тексеріс жүргізу барысында 2018 жылдың шілде айында Солтанғазиновтың жеке өтініші бойынша жұмыстан босатылуына байланысты бөлім басшысының міндетін атқару қызметіне оның орынбасары Асхат Омаров тағайындалған. 24 тамыз күні Омаровтың бұйрығымен негізгі қызметкердің декреттік демалыста болу уақытында құжатпен қамтамасыз ету секторына Зікрия Солтанғазинов жұмысқа қабылданған. 25 қыркүйекте қала әкімінің өкімімен Асхат Омаровқа еңбек демалысының бір бөлігі беріліп, артынан өз еркімен жұмыстан кеткен.

Омаровтың сөзінше, 20 тамыз күні қала әкімінің орынбасары Андрей Балашовпен ТҮКШ бөлімінің қызметкерлеріне Зікрия Солтанғазиновқа ТҮКШ бөлімінің ұйымдастыру және барлық өндірістік мәселелерді қамтамасыз ету қызметі міндеттелген. Бұдан кейін Зікрия Солтанғазинов инспектор бола тұра, тамыз айынан бастап бөлім қызметкерлерімен және мердігерлермен жиналыс өткізген. Бөлім басшысының кабинетіне жайғасқан. Асхат Омаров айғақ ретінде ТҮКШ бөлімі қызметкерлерімен Зікрия Солтанғазинов өткізген жиын кезінде жазып алынған аудиодыбысты ұсынған.

Мамандар да Солтанғазиновтың бөлім басшысы болмастан жиналыс өткізгенін, бөліммен келісімшартқа отырған мердігерлік ұйымдардың өкілдері де сенбілікке қатысты және басқа да тапсырмаларды бергенін, ТҮКШ бөлімінің үш қызметкері үш ай бойы бөлім басшысы міндетін Солтанғазиновтың атқарғанын растаған. Ол жиналыс өткізіп қана қоймай, нысандарға барып, жұмыс барысын бақылаған.

- Қала әкімінің орынбасары Балашов ТҮКШ саласы мен тұрғын үй инспекциясы жұмысын үйлестіреді, - дейді Елухан Ергебаев. - Ол өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған. Нәтижесінде қала әкімінің орынбасары тарапынан бақылаусыз ТҮКШ бөлімін келісімшарт бойынша инспектор ретінде қабылданған Солтанғазинов басқарған. Солтанғазинов мемлекеттік қызметші емес әрі оған уақытша бөлімді басқару міндеті жүктелмеген. Нәтижесінде Андрей Балашовтың әрекетінде Әдеп кодексін бұзу, яғни өзінің қызметтік міндетін тиісті деңгейде атқармау белгілері анықталды.

Андрей Балашов болса, ТҮКШ саласында ешбір мәселе орын алмағанын алға тартып, Солтанғазиновты бөлім басшысы ретінде таныстырған еместігін айтып ақталды.

Қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес Андрей Балашовқа қатысты сөгіс ретінде тәртіптік өндіріс тағайындауды ұсынды.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда құжаттары арнайы тексеріске тапсырылған Зікрия Солтанғазинов ТҮКШ бойынша әкімнің кеңесшісі міндетін атқарушы болып жұмыс істеуде.

 

Соңғы жаңалықтар