Павлодар автобустарында жолақы төлеудің электронды әдісі енгізіледі

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап Павлодарда қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің сараланған тарифі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай тариф Астана, Алматы қалаларында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ биылғы тамыз айында ШҚО және БҚО облыс орталықтарында енгізілді.

Орал қаласында қолма-қол ақшамен төлем - 150 теңге, қолма-қол ақшасыз - 80 теңге. Өскеменде тиісінше 130 және 90 теңге.

Павлодарда қолма-қол есеп айырысу үшін жол жүру құны - 130 теңге, бұл ретте электронды билетті пайдалану кезінде төлем өзгеріссіз қалады - 80 теңге.

Бекітілген бірыңғай тариф бойынша зейнеткерлердің жол ақысы - 40 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде - 65 теңге.

Қолма-қол ақшасыз бірнеше тәсілмен төлеуге болады: арнайы көлік картасымен, ұялы телефоннан «Avtobys» қосымшасы арқылы, сондай-ақ Kaspi QR көмегімен.

Қоғамдық көлікте толық жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтардың 15 санаты көлік картасын пайдаланған кезде немесе қолында жеңілдікті растайтын құжаты болған кезде де жүре алады.

«Сонымен қатар, қоғамдық көлікте тегін жүруге құқығы бар азаматтарды көлік картасын пайдалануға шақырамыз. Бұл тасымалдаушыларға кәсіпорынның қажеттілігіне (жүргізуші құрамының жалақысы, шығын материалдары мен қосалқы бөлшектер, жылжымалы құрамды жаңарту және басқа) кететін бағыттар мен бюджеттен төленетін сапарлардың санын тіркеуге мүмкіндік береді» деп мәлім етті әкімдіктен.

Азаматтардың жеңілдетілген санаттары әлеуметтік көлік картасын Академик Шөкин, 31 мекенжайында тегін ала алады.

Жол жүру үшін электронды төлем жүйесінде ақау болған жағдайда электронды жүйе арқылы төлеуді жүзеге асыратын жолаушылардың тегін жол жүруге құқығы бар.


Соңғы жаңалықтар