Павлодар әуежайына академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілуі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2024 жылы қазақ халқының ұлы перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы кеңінен аталып өтеді. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мерейтойын атап өту бастамасын қолдаймыз. Бұл ретте 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне сәйкес, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу шаралары 2024 жылға жоспарланып отыр. Мерейтойды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты орындаушы - Ғылым және жоғары білім министрлігі», - дейді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, министрлік жалпы республикалық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту мәселесін пысықтауда.

«Сіздер ұсынып отырған іс-шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, аталған жоспарды әзірлеу кезінде қаралады», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, сенаторлар депутаттық сауалында қазақ халқының біртуар перзентіне лайықты құрмет көрсету және қисапсыз ұшан-теңіз еңбегін кеңінен насихаттау мақсатында Астана қаласында «Сәтбаевтану» орталығын ашу, туған елі Павлодар қаласының әуежайына академик Қаныш Сәтбаев есімін беру, алғашқы академиктің 10 томдық толық жинағы мен 5 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындау және энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығару, руханият жанашыры болған ғұлама туралы толықметражды көркем-деректі фильм түсіру және қайраткерге арналған Қазақстандағы музейлерді заманауи қалыпқа келтіру, кіндік қаны тамған жерде мемориалдық кешен тұрғызу және бұған дейінгі депутаттық сауалда көтерілген 30 километрлік туристік жолды салуды бастау; қазақ елінің таутұлғалары арқылы мемлекетімізді шетелде көрсету тұрғысынан «Менің халқым менен де биік» деген Ұлыбританияда атақты У.Черчилльге айтқан сөздерінің кездесу сәтін бейнелеу мақсатында астанасында ескерткіш қоюды қарастыру ұсынылған еді.


Соңғы жаңалықтар