Павлодар ауданының әкімі болып Николай Дычко тағайындалды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодар ауданының әкімдігінде аудан активінің жиналысы өтіп, онда Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов ауданның жаңа әкімін таныстырды.

Бұл туралы ҚазАқпарат Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Серік Батырғожинов Павлодар ауданының бұрынғы әкімі Ержан Иманслямға осы лауазымдағы жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа басшыны таныстырды.

Николай Дычко 1965 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік ашық университетін «Тау - кен өнеркәсібі және геологиялық барлау салаларындағы экономика және басқару» мамандығы бойынша, 2000 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтын «Электрмен жабдықтау және электрлендіру» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1984 жылы «Екібастұзкөмір» ӨБ учаскесі экскаватор машинисінің көмекшісі болып бастаған. Бұдан кейін «Екібастұзкөмір» ӨБ бойынша «Северный» кенішінің электр механигі, «Северный» кеніші» ЖШС энергия механикалық қызметінің бас энергетигі, «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС БЭЖ филиалының энергетикалық қызметінің бас энергетигі, «Ионтаждау-реттеу басқармасы» ЖШС директоры болып жұмыс істеді.

2006 жылдан 2018 жылға дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Павлодар ауданының әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін Успен ауданында осындай лауазымды атқарған.

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев


Соңғы жаңалықтар