Павел Казанцев: Қазақ тілінің аясы мәжбүрлеусіз кеңейіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Павел Казанцев Қазақстандағы тілдік ахуал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс Төрағасы орынбасарының айтуынша, Қазақстанда тіл еркіндігі бойынша ешқандай проблема жоқ. Бұл ойын ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Соңғы кезде жиі талқыланып жатқан ұлтаралық келісім, тіл мәселелері туралы ойымды ортаға тастағым келеді. Біздің елде бұл тұрғыда проблема жоқ. Түрлі ұлт өкілдері әрдайым бір-бірімен бейбіт өмір сүріп келе жатыр. Өзара түсінісу бойынша ешқашан проблема болған жоқ. Қазақ тілі аясын кеңейтіп келеді. Түрлі ұлт өкілдері үшін бұл өмірдің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Ұлты басқа қазақстандықтардың қазақ тілінде еркін сөйлеуі қазір ешкімге таңсық емес. Мұның бәрі эволюциялық жолмен, мәжбүрлеусіз жүріп жатыр», - деп жазды депутат.

Сондай-ақ, ол аракідік болатын жекелеген жағдайларға қарап Қазақстандағы тілдік ахуалға баға беруге болмайтынын еске салды.

«Қазақстандағы этносаралық жағдайға тым қатты алаңдап отырғандардың бәріне айтқым келеді. Жекелеген жағдайлар мұндағы тұтас ахуалды сипаттай алмайды. Біз бұған дейін де келісімде өмір сүрдік және солай өмір сүре береміз!», - деп түйіндеді Павел Казанцев.


Соңғы жаңалықтар