Патогенді биологиялық нысандар ескертусіз тексерілуі мүмкін - Ерлан Қиясов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов Мәжіліс депутаттарының алдында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын таныстырды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуелі биологиялық қауіпсіздік саласындағы кемшін түсіп жатқан тұстарды атаған вице-министрі ұсынылып отырған құжаттың ең негізгі нормаларына тоқталды.

«Патогенді биоагенттермен жұмыс істейтін субъектілердің мемлекет тарапынан тиімсіз бақылануы биоагенттердің уақтылы профилактикасын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Бұған тиісті нысандардың тексерумен төмен деңгейде қамтылуы және ондай тексерулердің алдын ала хабарлау арқылы жүргізілетіні себеп болып отыр. Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенсек, жосықсыз зертханалар өз қызметін аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге тиісті рұқсатын алмастан жүзеге асыратынын көрсетті. Олар нысанда тексеру болатынын алдын ала білгендіктен, дәл тексеру алдында заңда тыйым салынған заттарды жойып үлгереді», - дейді Ерлан Қиясов.

Оның айтуынша, аталған норма биологиялық нысандарға жүргізілетін тексерулердің қолданыстағы санын көбейтуді көздемейді.

«Ұсынылып отырған негізгі заң жобасында мемлекеттік бақылау объектілерін тәуекел деңгейіне қарай жіктеу көзделген. Ал ілеспе заң жобасында патогендігі I және II санатағы биоагенттермен жұмыс істейтін ұйымдардың тексеруден өтетіні туралы алдын ала хабардар ету тетігі алып тасталады. Бұл қауіпті биологиялық объектілерде биоқаутерлердің алдын ала анықтауға және болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Ерлан Қиясов.

Сондай-ақ, ведомство өкілі биологиялық қатері бар заттармен жұмыс істейтін орындардың жауапкершілігін арттыру бойынша нормалар дайындалғанын еске салды.

«Қолданыста бар заңнамадағы үйлесімсіздіктер саладағы талаптардың төмен деңгейде орындалуына әсер етуде. Осыған байланысты ілеспе заң жобасында қауіпті патогендерді заңсыз қолданғаны, өткізгені және ұрлағаны үшін, соның салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соқтырғаны үшін қолданылатын шараларды қылмыстық жауапкершілікке дейін күшейту ұсынылған», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар