Пәтеріне ұры түскен зейнеткер жүрек талмасынан көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда пәтеріне ұры түскен зейнеткер жүрек талмасынан көз жұмды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Мұздай қаруланған жас жігіттер 81 жастағы қарияның үйіне түн ортасына басып кіреді. Үйде сол кезде қарияның Армениядан келген інісі тұрып жатқан. Шабуылшылар мұндайды күтпеген болса керек.

«Қылмыскерлер екеуін де төсек жаймасымен байлап, матап қойып, үйдегі бар затты тонауға көшкен. Атап айтқанда, қылмыскерлер сейфті болгаркамен бұзып, ішінен бірнеше алтын, күміс бұйым мен азын-аулақ ақшаны қолды еткен. Қылмыскерлер табанын жылтыратқан соң інісі байлаудан босанып, жедел жәрдем шақырған. Алайда, келген дәрігерлер атаның жүрек талмасынан қайтыс болып кеткенін айтты. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді Түрксіб ауданы ІІБ басқармасы басшысының міндетін орындаушы Есен Ысқақов.

Жедел іздестіру қызметі шабуыл жасаған үшеудің кім екендігін анықтады. Олар қылмыс болған күннің ертесіне ұсталды.

Олардың бірі қарулы шабуыл жасағаны үшін бұрын 7-9 рет істі болған екен.

«Күдіктілер қамауға алынды. Қазір олардан заттық айғақ ретінде травматикалық тапанша, мылтық тәркіленді. Олар қауқарсыз қарияны бұрыннан аңдып жүрген екен. Қарт кісінің Еревандағы туысқандарына барамын деп азын-аулақ жиған ақшасын қолды еткен. Қазір бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді Е.Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар